2026 жылғы 22–24 сәуір аралығында Венгрия Республикасының Будапешт қаласында Еуропалық жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету қауымдастығы (ENQA) Венгрия аккредиттеу комитетімен (MAB) бірлесіп ұйымдастырған ENQA Members’ Forum 2026 дәстүрлі форумы өтті.
Форумның негізгі тақырыбы “Strengthening trust in an evolving higher education landscape”, яғни өзгермелі жоғары білім беру кеңістігінде сенімді нығайту болды. 44 елден 152 қатысушыны біріктірген форум жұмысына АЕО ғылыми кеңесшісі Фарида Нурманбетова және АЕО халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Алибек Амандыков қатысты. Форум аясында жоғары білімге деген сенімді нығайту, сыртқы бағалаудың ашықтығы, академиялық адалдық, халықаралық ынтымақтастық және білім беру сапасын қамтамасыз етудің еуропалық тәсілдерін дамыту мәселелері талқыланды.
Жоғары білімге деген сенімді нығайтудағы аккредиттеу агенттіктерінің маңызды рөлі атап өтілді. Бұл рөл үздіксіз жетілдіруге ықпал ету, сенімді ақпарат пен талдамалық деректер ұсыну, сондай-ақ мүдделі тараптармен диалог орнату арқылы жүзеге асырылады. ENQA Members’ Forum 2026 іс-шарасына қатысу АЕО өкілдеріне шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасуға, сапаны қамтамасыз ету саласындағы өзекті үрдістермен танысуға және еуропалық агенттіктер мен ұйымдармен халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.
АЕО 2022 жылдан бастап ENQA-ның толық мүшесі болып табылады және өз қызметіне Еуропалық жоғары білім беру кеңістігінде сапаны қамтамасыз ету стандарттары мен ұсынымдарын (ESG) енгізді.






