Халықаралық шара 29 қазанда басталып, шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындарының арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірнеше маңызды бастамаларды қамтыды, сондай-ақ халықаралық жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықтың нәтижелерін көрсетті.
30 қазанда Coventry University Kazakhstan және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бірқатар панельдік сессиялар өткізді. Олардың бірі жасанды интеллекттің білім беру модельдерін трансформациялаудағы және студенттерді оқыту тәсілдерін жетілдірудегі рөліне арналды. «Ғылымнан нарыққа: технологиялар трансферті» атты тағы бір сессия университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларына ғылыми идеяларды коммерцияландыру және оларды тәжірибеге енгізу тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын енгізу және цифрлық құзыреттерді дамытуға бағытталған AI-Sana Ceremony рәсімі өткізілді. Іс-шараға қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының, аккредитациялық агенттіктердің, сарапшылар мен жоғары білім беру саласындағы академиялық қауымдастықтың өкілдері қатысты. Форумды Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырды.
Аккредиттеу орталығы үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудегі мәселелер, жетістіктер мен болашақ бағыттар туралы ақпаратқа ие болу білім сапасын бағалау тәсілдерін жетілдіру және ұлттық экономиканың қажеттіліктеріне бейімделген, қоғамның үміт-тілегіне сай келетін заманауи аккредитация құралдарын қолдану үшін маңызды болып табылады.
    


			


