«Қазақстандағы трансұлттық білім беруді аккредиттеу: сапа, сенім және академиялық адалдық» дөңгелек үстелі 2026 жылғы 29 қазанда Қазақстан Республикасы, Астана қаласында өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, Британ кеңесінің, Қазақстанның академиялық қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ Ұлыбританияның Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету агенттігі (QAA) мен қазақстандық аккредиттеу органдары қатысты.
Халықаралық іс-шараға Білім беруді, денсаулық сақтауды сапамен қамсыздандыру және Аккредиттеудің Еуразиялық Орталығының (АЕО) атынан бас директор Сауле Сарсенбаева және халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Әлібек Амандықов (онлайн форматта) қатысты. Дөңгелек үстел бағдарламасында Қазақстандағы және шетелдегі трансұлттық білім берудің қиындықтары, сын-қатерлері мен жетістіктері қарастырылды.
Сонымен қатар шетелдік университеттер филиалдарының, халықаралық білім беру бағдарламаларының және қос дипломдық бағдарламалардың сапасын қамтамасыз ету мен аккредиттеудің нормативтік-құқықтық базасы талқыланды, еліміздің білім беру ұйымдарында академиялық адалдықты қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Дөңгелек үстелдің Қарарына сәйкес трансұлттық білім беруді аккредиттеу мәселелері жөніндегі Ұлттық жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобының құрамына АЕО қызметкері енгізілді.






