Жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Еуропалық қауымдастықтың (ENQA) Бас ассамблеясы 2026 жылғы 21–23 қазанда Лас-Пальмас-де-Гран-Канария қаласында өтті. Білім беруді, денсаулық сақтауды сапамен қамсыздандыру және Аккредиттеудің Еуразиялық Орталығы (АЕО) ENQA-ның толық мүшесі болып табылады. Іс-шараның қабылдаушы тарапы Канар аралдарының сапаны бағалау және аккредиттеу агенттігі (ACCUEE) болды.
Бас ассамблеяға білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі еуропалық агенттіктердің өкілдері қатысты. АЕО атынан ғылыми кеңесші, WFME асессоры Фарида Нурманбетова қатысты.
Бас ассамблеяда Еуропалық жоғары білім беру кеңістігін дамыту бағыттары қаралды. Сондай-ақ трансұлттық білім беру, білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимыл және халықаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Бас ассамблея барысында ENQA Президенті болып Péter Levente Lakatos (MAB, Венгрия) сайланды. Кеңестің жаңа мүшелері болып Varduhi Gyulazyan (ANQA, Армения) және Ronny Heintze (AQAS, Германия) сайланды. Kristin Vinje (NOKUT, Норвегия) мен Patrick Van den Bosch (VLUHR-QA, Бельгия) вице-президент міндеттерін атқаруды жалғастыруда. Қазіргі уақытта ENQA құрамында 61 толық және 43 қауымдастырылған мүше бар.